«Сегізаяқ» - Еркін Шүкіман (ВИДЕО)

«Сегізаяқ» - Еркін Шүкіман (ВИДЕО)


17:35, 13 ақпан 2016
680 - рет қаралды

Сөзі: Абай Құнанбаев


Алыстан сермеп,

Жүректен тербеп,

Шымырлап бойға жайылған.

Хиуадан шауып,

Қисынын тауып,

Тағыны жетіп қайырған.

Толғауы тоқсан қызыл тіл,

Сөйлеймін десең өзің біл.

Өткірдің жүзі,

Кестенің бізі,

Өрнегін сендей сала алмас.

Білгенге маржан,

Білмеске арзан,

Надандар баһра ала алмас.

Қиналма бекер тіл мен жақ,

Көңілсіз құлақ, ойға олақ.

Басында ми жоқ,

Өзінде ой жоқ,

Күлкішіл кердең наданның.

Көп айтса көнді,

Жұрт айтса болды –

Әдеті надан адамның.

Бойда қайрат, ойда көз,

Болмаған соң айтпа сөз.

Тамағы тоқтық,

Жұмысы жоқтық

Аздырар адам баласын.

Таласып босқа,

Жау болып досқа,

Қор болып, құрып барасың.

Өтірік шағым толды ғой,

Өкінер уақытың болды ғой.

Білгенге жол бос,

Болсайшы қол бос,

Талаптың дәмін татуға.

Білмеген соқыр

Қайғысыз отыр,

Тамағы тойса жатуға.

Не ол емес, бұл емес,

Менің де күнім - күн емес.

Бір кісі мыңға,

Жүз кісі сұмға

Әлі жетер заман жоқ.

Қадірлі басым,

Қайратты жасым

Айғаймен өтті, амал жоқ.

Болмасқа болып қара тер,

Қорлықпен өтті-ау, қу өмір.

Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл.

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң

Бола ма дәулет, нәсіп, бұл?

Еңбек  етсең ерінбей —

Тояды қарның тіленбей.

Қайнайды қаның,

Ашиды жаның,

Мінездерін көргенде;

Жігерлен, сілкін,

Қайраттан, бекін

Деп насихат бергенде,

Ұятсыз, арсыз салтынан

Қалғып та кетер артынан.

Жартасқа бардым,

Күнде айғай салдым,

Онан да шықты жаңғырық.

Есітіп үнін,

Білсем деп жөнін,

Көп іздедім қаңғырып..

Баяғы жартас - бір жартас,

Қаңқ етер, түкті байқамас.

Мамықтан төсек,

Тастай боп кесек,

Жанбасқа батар, ұйқы жоқ.

Сыбыр боп сөзі,

Мәз болып өзі,

Ойланар елдің, сиқы жоқ.

Баяғы қулық, бір алдау,

Қысылған жерде жанжал-дау.

Атадан алтау,

Анадан төртеу,

Жалғыздық көрер жерім жоқ.

Ағайын бек көп,

Айтамын ептеп.

Сөзімді ұғар елім жоқ.

Моласындай бақсының,

Жалғыз қалдым – тап шыным!


Аймақ жаңалықтары

Бүгін, 9 маусым Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты ұлттық аза тұту күні