«Астана Опера» Алғыс айту күніне орай мерекелік концерт өткізеді

«Астана Опера» Алғыс айту күніне орай мерекелік концерт өткізеді


19:04, 29 ақпан 2016
331 - рет қаралды

Театрдың шығармашылық ұжымы дайындаған жарқын да әсерлі мерекелік концерт 1-ші наурызда Камералық залда өтеді.



Қазақстандықтар Алғыс айту күнін көктемнің алғашқы күні атауы бекер емес. Дәл осы күні 1995 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ұсынысымен елімізде тұратын барлық этностардың ынтымақтастығы, бірлігі мен достығы институты – Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған еді.

Бұл кеште сахнадан депортацияға ұшыраған КСРО халықтарын өз жерінде қабылдап, оларға мейірімділік танытқан қазақ халқына арналып алғыс айтылады.

Концертке «Астана Опера» театрының әртістері, яғни Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Ж. Шыбықбаев, Қазақстанның Еңбек сіңірген әртісі Ғ. Байғазинова, Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Б. Жанұзақ, Б. Таңарықов, Е. Әбжанов, Ә. Сембина, Р. Нүркей, М. Исламова, сонымен қатар А. Медетова, Е. Кәмел, А. Измамбетов, Қ. Досмұхамбетов, М. Аманжолов қатысады.

Бағдарламада М. Маңғытаевтың «Менің Қазақстаным», Б. Байділдаевтың «Туған жер», Е. Хасанғалиевтің «Жаса Қазақстан»,С. Туликовтың «Отан», сондай-ақ, Қазақстан халықтарының әндері және тағы басқа шығармалар орындалады.

«Алғыс айту мерекесі көптеген елдерде бар. Қазақстанда да алғыс айту, отандастарына деген мейірімділік пен махаббаттарын білдіретін күн болғаны қуантады. «Астана Опера» шаңырағында классикалық, ұлттық музыка мен опера тыңдауға, балетімізді тамашалауға мыңдаған көрермен жиналады. Өнер халықы біріктіре алады, адамдарды мейірімділік сезіміне тәрбиелейді. Бұл театрдың да басты міндеті. 1-ші наурызда өткізілетін концерттің музыкасында, әрбір шығармасында елімізде тұратын барлық этностың бірлігі мен достығы шырқалады», – деп атап өтті музыкатанушы Маржан Жәкенова.


Аймақ жаңалықтары

Бүгін, 9 маусым Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты ұлттық аза тұту күні