«Қазақстан» телеарнасында «Наурыз жұлдызы» анықталады

«Қазақстан» телеарнасында «Наурыз жұлдызы» анықталады


18:30, 29 ақпан 2016
520 - рет қаралды

Наурыз мейрамы жаңару мерекесі. Қазақстандықтар үшін Наурыз көктемгі жаңару, махаббат, береке, достық нышаны іспеттес.



Бұл ежелгі мерекелердің бірі. Жыл санау бойынша 22 наурыз – күн мен түннің теңесетін күні. 

Наурыз мейрамы ата-баба дәстүрімен сабақтасқан жалпы түркітілдес халықтарға ортақ мереке. Түркітілдес халықтардың әрқайсысында Наурыз мейрамын тойлаудың өз ерекшеліктері бар. Бұл күні ренжіскен адамдар татуласып, бір-біріне кешіріммен, мейірімділікпен қарайды. Барша жұрт әдемі киініп, би билеп, ән салады. Ақсақалдар бата беріп, жақсы тілектер айтылады.

Қазақ халқы қашанда өнерге деген шеберлігімен, шешендігімен ерекшеленетін. Қазақта «әу» демейтін, домбыра шертпейтін адам кемде-кем. Қазақтың бар болмысы әнмен өрілген. Ал, қазақтың күй өнерінің халық өнеріндегі, шығармашылығындағы алар орны ерекше. Сондықтан да, Ұлттық арна Наурыз мерекесінің қарсаңында республика көлемінде ең үздік күйшіге байқау жариялап отыр. 

«Наурыз жұлдызы» байқауының мақсаты қазақ халқының салт-дәстүрлерін кеңінен насихаттап, оларды жас ұрпақтың бойына сіңіру. Байқау жеңімпазы «Қазақстан» ұлттық телеарнасы арқылы өз өнерін барша халыққа паш ету мүмкіндігіне ие болады.

Естеріңізге сала кетейік, аталмыш байқау шарты бойынша оған қатысушылар күй орындалып жатқан сәтті бейнекамераға жазып алып, оны 2016 жылдың 18 наурызына дейін nauryz@kaztrk.kz мекенжайына жолдауы тиіс.

Күйдің үздік орындаушысын арнайы әділ-қазылар алқасы анықтап, оның есімі 21 наурыз күні белгілі болады. Жеңімпаздар тізімі байқаудың арнайы сайтында жарияланады.


Аймақ жаңалықтары

Бүгін, 9 маусым Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты ұлттық аза тұту күні