Министр Ерлан Сағадиев Тараздағы бірқатар оқу-ағарту нысандарында болды

Министр Ерлан Сағадиев Тараздағы бірқатар оқу-ағарту нысандарында болды


18:00, 24 наурыз 2016
464 - рет қаралды

Таразға іс-сапары кезінде Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында болды.



Сапар аясында Ерлан Кенжеғалиұлы оқу орнындағы  ғылыми орталықтардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды ТарМПИ-дің баспасөз қызметі.

Министр алдымен «Жерұйық» этнографиялық орталығын аралады. Онда ұлттық тарихымыздан сыр шертетін жәдігерлер мен бұйымдар қойылған. 3D форматындағы аудиторияда кең дала, жайлау және киіз үй бейнеленген. Орталықтың басты мақсаты – Елбасының ел тәуелсіздігін баянды етудегі, халықаралық аренада Қазақстанның беделін арттырудағы ерен еңбегін насихаттау, ұлттық тарихымызды ұлықтау.

«Мемлекет басшысының алға қойып отырған басты міндеті – Қазақстанның ең дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуы. Бұл үшін тұңғыш мемлекеттік ресми идеология, яғни «Мәңгілік Ел» идеясының жарияланғанын да білеміз. Бұл – Қазақстан Республикасының ұлттық идеясынан туындаған түйін-тұжырым. Мәңгілік Ел отандастардың бірегей тарихи мақсаты мен қаһармандық ұраны десек қателеспейміз. Аталған идея қазақ елінің ғасырлар бойы армандаған мақсаты ғана емес, Тәуелсіздік жолындағы жанқиярлық еңбегі мен тынымсыз шығармашылығының нәтижелері арқылы қол жеткен асу. Сондықтан да бұл орталық өскелең жас ұрпақтың төл тарихын терең білуіне  септігін тигізеді», – деді институт ректоры Дария Қожамжарова.

Министрдің келесі аялдаған жері белгілі ғалым, әдебиеттанушы Мекемтас Мырзахметұлы басқаратын «Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығы. 2004 жылы ашылған орталық  Халық қаһарманы Бауыржан Момышұлының мұраларын жинау, зерттеу және басып шығару бағытында жұмыс істейді. Бұған дейін ұлт батырының көптомдық шығармалар жинағының 30 томы, Мәскеуден «Легендарный батыр» деген атпен естелік кітабы, Алматы қаласынан «Фотоқұжаттық альбомы» жарық көрді. Қазіргі таңда Баукең туралы жазылған туындылардың келесі 15 томдығы дайындалуда.

Жүсіп Баласағұн атындағы Түркістан өлкесінің тарихын зерттеумен айналысатын ғылыми орталықтағы атқарылған істермен жете танысқан Ерлан Кенжеғалиұлы төл тарихымызды терең зерттеп-зерделеуде осы тақылеттес орталықтардың атқаратын рөлі зор екенін атап өтті.

Айта кетейік, Түркістан өлкесінің тарихына қатысты кешенді зерттеу жұмыстарын жүргізу, Тараз өңірі мен Әулиеата уезінің тарихы бойынша бұрын жарық көрмеген архив құжаттарын жинастыру, қордаланған материалдардың негізінде көптомдық құжаттар жинағы мен монографиялық еңбектер даярлауды мақсат етіп отырған  орталықта бұған дейін 30-дан астам ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Олардың қатарында «Қазақ хандығы» энциклопедиясы, «Қазақ хандығы» монографиясы, «Тұрар Рысқұловтың биохроникалық күнделігі», «Жетісу Ресей империясының құрамында» және «Түркістан» жинағының қос томы т.б. бар.


Аймақ жаңалықтары

Бүгін, 9 маусым Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты ұлттық аза тұту күні