Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында болды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында болды


17:35, 18 ақпан 2016
965 - рет қаралды

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасында болып, аталған ұжымның тыныс-тіршілігімен танысты.



Облыс басшысы «Қазақстан-Ақтөбе» телекомпаниясының баспасөз орталығында телеарна мен облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттерінің ұжымдарымен кездесті. Онда журналистиканың міндеті мен мүддесі, өңірдегі әлеуметтік, рухани мәселелер кеңінен айтылды. Облыс әкімі онда билік пен бұқараның арасындағы көпір - журналистер екендігін, сол себепті оларды әркез қолдайтындығын айтты. 

Облыс басшысы сонымен қатар, «Қазақстан-Ақтөбе» телеарнасының жаңалықтар қызметімен,ондағы журналистердің техникалық мүмкіндіктерін көріп, тілшілермен тілдесті. Көрермендерін таңғы жетіден түнгі он екіге дейін сапалы хабарлармен қамтитын арнаның жарнама бөлімі, техникалық қамту қызметі де облыс басшысына жан-жақты таныстырылды.

Сонымен бірге, телеарна директоры Раукен Отыншин Б.Сапарбаевқа заманауи студияларын көрсетті.

Телеарна басшысының айтуынша, тікелей эфирде хабар таратуға мүмкіндік беретін кең бөлмелер заман талабына сай жабдықталған. Қазір бұрынғыдай жарығы мен қызуы қатар жүретін көне жарықшамдары жоқ. «Жарқыраған студияның «Қазақстан-Ақтөбе» арнасында жетеуі бар. Мәселен, «Адам және заң» студиясының қонақтары халықты құқықтық сауаттандыруды міндетіне алса, «Прокурор уақыты» хабарында заңның орындалуын қадағалаушылар сұхбат береді. Ал, таң алакеуімнен қалың бұқараны әсем әуенмен, қызықты ақпараттар арқылы оятатын «Қайырлы таң» хабарының аудиториясы көршілес облыстарды да қамтиды»,-деді Р.Отыншин.

Бұл жетістіктерді көріп, білген облыс әкімі жаңашылдықтарға ризашылығын білдірді.

Айта кетейік, сексенге жуық маман қызмет ететін телеарна іс жүзінде «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясының филиалы. Дұрыс маркетинг арқылы телеарна басшылығы жергілікті бюджетке де, бас кеңсеге де алақан жайып отырмай, талшықтық оптикалық желі тарттырды. Бүгінде осы арнада  қырықтан аса бағдарлама дайындалып, көрермендерге сандық форматта жол тартып отыр.  

Жиын барысында облыстағы іргелі ұжымның осындай жетістіктерін көрген облыс басшысы мұндай мүмкіндіктердің еліміздің барлық өңірлерінде кездесе бермейтіндігін атап өтті.

Облыс басшысы журналистер алдындағы міндет ел Тәуелсіздігінің құндылықтарын насихаттау екендігін айтты. «Тұрлаулы уақыт артта қалып, еліміздің барлық салада дамуын көрсете білу - журналистік шеберліктің шыңы. Ал, қазір талғамы биік көрермен мен оқырманды таңдандыру қиын. Сондықтан, сапалы дүние көбейсе, нағыз еңбек адамының кәсібі насихатталып, салт-дәстүрді дәріптейтін хабарлар таратылса, билік пен бұқараның байланысы беки түседі»,-деді Б.Сапарбаев.

Сонымен қатар, ол Орынбор жеріндегі қандастардың елге деген сағынышын, рухани шөлін басу үшін хабарларды Ресеймен шекаралас аудандарға да таратуға күш салу қажеттігін ескертті. Кездесу соңында облыс әкімі журналистер қауымын толғандырған сауалдарға жауап берді.  


Аймақ жаңалықтары

Бүгін, 9 маусым Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты ұлттық аза тұту күні