Таразда химиялық зертханалар кешені ашылды

Таразда химиялық зертханалар кешені ашылды


18:40, 23 ақпан 2016
309 - рет қаралды

Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында химиялық зертханалар кешені ашылды.



Пайдалануға беріліп отырған 6 зертханалық кабинет заманауи құралдармен жабдықталған. Бұл құрылғылар білім мен ғылымның әлемдік стандарттарына сай зертханалық жұмыстар жүргізуге жол ашады. Бұл туралы аталған білім ордасының баспасөз қызметінен хабарлады.

Салтанатты ашылу рәсіміне «Қазфосфат» кәсіпорнының бас директоры, Қазақстанның Еңбек Ері Мұқаш Ескендіров қатысып, студенттермен өзінің өмірлік тәжірибесімен бөлісті. Өз кезегінде студенттер де «Қазфосфат» сынды мекемеде тәжірибеден өтіп, жұмыс істегілері келетіндіктерін жеткізді.

«Бүгінгі ашылып отырған зертхана біздің жан-жақты дамуымызға мол мүмкіндік беретін болады. Қазіргі таңда білімімізді тек теориялық тұрғыда ғана емес, жаңа жабдық арқылы іс жүзінде шыңдай аламыз. Жастарға көңіл бөліп, болашаққа оң жол сілтеуге сеп болған басшылыққа алғысымыз зор», - дейді аталған оқу орнының студенті Айсұлу Бектасова.

Зертхананың ашылу салтанаты «Еңбек - ер атандырады» тақырыбындағы кездесуге ұласты. Жүздесуді Тараз мемлекеттік педагогикалық институтының ректоры Дария Қожамжарова жүргізді.

Қазақстанның Еңбек Ерінің жастармен жүздесуіндегі негізгі әңгіме ауаны бүгінгі еңбек адамының бет-бейнесі, маман даярлаудағы жаңашылдықтар, өзінің өмір жолының жарқын белестері турасында өрбіді. Сонымен қатар, іс-шара аясында «Қазфосфат» кәсіпорны мен Тараз мемлекеттік педагогикалық институты арасында бірігіп маман даярлау жөнінде келісім жасалды.

Дуальды жүйе арқылы іске асырылатын бұл қадамның қос тарап үшін де тиімділігі көп. Өндіріс ошағы маманды қайта даярлап, жұмыс орнына бейімдеуге уақыт кетірмейді яки оқу үрдісінің басым бөлігі кәсіпорында өтеді. Жоғары оқу орнындағы білім алушы жастар үшін өмірдегі өз орнын ерте табуға мүмкіндік туады, жұмысқа ерте араласып, бейімделеді.


Аймақ жаңалықтары

Бүгін, 9 маусым Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты ұлттық аза тұту күні