Ұлыстың ұлы күні – Наурыз

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз


20:00, 26 ақпан 2016
402 - рет қаралды

Наурыз айының 21-23 аралығында қазақстандықтар Наурыз мейрамын атап өтеді.



Қазақ халқының ежелден келе жатқан мейрамы көктем мезгілінің жетіп, күн мен түннің теңеліп, табиғат ананың  оянатын уақытымен тұспа-тұс келеді. Сол себепті осы мерекені тойлайтын елдер Наурызды  Жаңа жыл  ретінде де атап өтеді. Осыған орай, 21-наурыз қазір Жаңа жылдың бастауы саналады. Тарихы терең Наурыз мерекесі тек Қазақстанда ғана емес, Иран, Ауғанстанда да тойланады. Ал, Әзірбайжан, Тәжікстан, Татарстан, Башқұртстан, Дагестан мен Ресейдің бірқатар аймақтары мен Албания, Ирактың Күрдістанында, Үндістан, Қырғызстан, Македония, Түркия, Түркменстан және Өзбекстан елдерінде оған мемлекеттік мереке мәртебесі берілген.


Наурыз парсыдан аударғанда «Жаңа күн» дегенді білдіреді.  Қазақтар бұл күнді сонымен қатар Ұлыстың ұлы күні деп те атайды.  Көптеген халықтар арасында бұл күнді неғұрлым бай дастарханмен атап өтсең, Жаңа жыл да соғұрлым бақуатты болады деген сенім қалыптасқан. Мерекенің басты тағамдарының бірі - жеті түрлі қоспадан дайындалатын «Наурыз көже».  Жеті санының қазақ халқы үшін қасиетті саналатыны белгілі.  


Наурыз мерекесіне ерекше әрі алдын ала дайындалатын болған. Наурыз  сонымен қатар, тазалық пен жаңарудың мерекесі. Осыған орай, мереке жақындаған тұста үйдің айналасы мен арықтар, жылғалар тазартылып, бұлақтардың көзі ашылып, адамдар ең сәнді киімдерін киіп шығатын. Әр үйде  дәмге толы бай дастархан жайылған.  


Әуелде тіпті, астық пен ақтың, жауын-шашынның мол болуы үшін бос ыдыстар толтырылған.  Мереке кезінде қалың көпшілік бір-бірімен көрісіп, ыстық ықыластарын білдіріп, Жаңа жылда бір-біріне жаңа табыстар, жақсылықтар, ақсақалдар баталарын беріп, жылдың табысты болуын тілеген. Жалпы, қазақ халқының салт-дәстүрлерінің басым бөлігі осы Наурыз мерекесімен байланысты.   


Қазіргі таңда ғалымдар Наурыз мерекесін атап өту мыңжылдықтардан бастау алатындығы туралы тың деректер тауып жатыр. Астаналық мәдениеттанушы Серік Ерғали 5-6 мың жыл бұрын тас бетіне түскен Алматыдан солтүстік-батыс бағыты бойынша 170 км қашықтықта жатқан Аңырақай тауларының жыныстарынан табылған суреттерді дәлел ретінде келтіреді. Ал, халықаралық ЮНЕСКО ұйымы 2009 жылы көне мерекелердің бірі ретінде Наурыз мейрамына халықаралық мәртебе берді.
Осылайша, адамзат өркениетінің қайнарынан бастау алатын ұлық мереке күні бүгінге дейін көптеген халықтардың, соның ішінде қазақ халқының да тыныс-тіршілігінің, өмірінің ажырамас бөлігіне айналды. 


Аймақ жаңалықтары

Бүгін, 9 маусым Террористік актінің салдарынан адамдардың құрбан болуына байланысты ұлттық аза тұту күні